Қазақстанның солтүстігінде жер үйден өрт шығып, бір бала тірідей жанып кетті

Автор: Нұргүл Абай

Психологтар баланың анасына көмек көрсетіп жатыр

Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында бір күнде екі өрт шығып, салдарынан ер адам мен бала көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ТЖД ақпаратынша, 18 қаңтар кешке Қызылжар ауданының Ольшанка ауылында жер үй өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде үй толығымен жанып жатқан, шатыры опырылған. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде үйден кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Департамент басшылығы оқиға орнында жүр. Баланың анасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт пештен шыққан.

Дәл сол Қызылжар ауданында 19 қаңтарға қараған түні тағы бір өрт болған. Приишимка ауылында жер үй түгі қалмай жанып кеткен. Өрт сөндірушілер үйден 1973 жылғы ер адамның денесін тапты. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Тегтер: