«Балалар қауіпсіз жерде»: министрлік Жаркенттегі оқиғаға қатысы мәлімет ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Баланың анасы уақытша қамау изоляторында отыр

Фото: скриншот

Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтары жөніндегі комитеті Жетісу облысындағы оқиғаны назарына алып, балаларға қатысты мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде жантүршігерлік видео таралып, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдерін дүр сілкіндірген болатын.

Анасы кішкентай баланың аяғын батареяға байлап қойып, оны аяусыз ұрған. Сорақысы, баласына араша түсудің орнына бұл сәттің бәрін әкесі жайбарақат видеоға түсіріп отырған. Полиция ата-ананы анықтап, оларды ұстап әкетті. Әзірге, анасы ғана уақытша қамау изоляторында отыр.

«Балалар қазір қауіпсіз жерде. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларды психологтар тексерді», - деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-ана құқығынан айыру мәселесін заңнамада белгіленген тәртіппен қарайды.