«МӘМС-тің ақшасы»: жеке емханадағы бір басшы 52, тағы бірі 124 пәтер сатып алған
Сондай-ақ басшылардың ең кемі 14 көлігі, көбі 24 көлігі бар
Салық органдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жүйесіне қатысып, әрбір науқас үшін бюджеттен ақша алатын жеке клиника басшыларының табысы мен мүлкіне камералдық бақылау жүргізген. Тексеру небары бір жылда жеке клиника басшыларының ондаған, тіпті, жүздеген пәтер алғанын көрсеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Үкіметтегі кеңес кезінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық органдарының тексеруін жария етті.
«Салық органдары медициналық ұйым басшыларына қатысты камералдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасады. Тексеру көрсеткендей, 2024-2025 жылдар аралығында 1 465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік объектісін сатып алған, ал 912 адам 1 416 автокөлік иеленген. Жекелеген басшылардың әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік объектісін және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған», - дейді Тәкиев.
Айта кетейік, бұған дейін Мәди Тәкиев Қазақстанда клиникалар 770 мың ер адамды жатыр мойнының обырын тексертті деп жазып жібергенін мәлімдеген еді.