Олардың екеуі де жабдықталмаған жерде шомылған
Оралда алты жасар бала мен жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиғаның бірі 6 шілде күні сағат 20.30-да Рыбцех ауылында болды. Шаған өзенінің шомылуға жабдықталмаған тұсына 6 жасар ер бала батып кеткен.
Оқиға орнына жедел құтқару жасағы (4 қызметкер, 1 техника, 1 жүзу құралы) барды. Баланың мүрдесін сағат 21.04-те туысқандары шығарып алған.
Екінші оқиға сол күні Орал қаласына қарасты Желаев кентінде болды. «Орыс моншасы» ауданында сағат 21.30-да 16 жастағы жасөспірім жасанды су қоймасынан шыға алмай қалған. Досымен бірге болған ол да жабдықталмаған жерде шомылған. Марқұмның денесін бір сағатқа жуық уақытта жергілікті тұрғындар судан шығарды.
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері оқиға орнында болды.
Батыс Қазақстанда соңғы күндері аптап ыстық болғандықтан суға түсушілер де көбейді. Алайда сақтықты ұмытуға, әсіресе, балаларды қараусыз қалдыруға болмайды.