Шымкентте тегін берілуі тиіс дәрілерді сатып келгендер ұсталды
Олар сондай-ақ, жоғары сұранысқа ие антивирустық дәрілерді де бірнеше есе қымбатқа сатқан
Шымкенттік полицейлер науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілердің өзін сатып келген саудагерлерді ұстады,
деп хабарлады polisia.kz.
Тәртіп сақшылары қалада дәрі сақтауға арналған үш бірдей қойманы анықтады. Мұнда науқас жандарға тегін таратылуы тиіс препараттар қымбат бағада сатылып келген. Жалпы, полицейлер қалада жүргізген рейд барысында дәрі-дәрмекті нарықтағы бағадан қымбат сатудың 10 оқиғасын анықтап, жолын кескен.
6 шілде күні жүргізілген тексеру жұмыстары барысында Әлімқұлов көшесінде орналасқан үйдің ауласынан құқық қорғаушылар дәрінің 229 түрі сақталған үш бірдей қойманы тапты. Сонымен қатар, дәрі сатумен жасырын айналысып келген фармацевт-кәсіпкер ұсталды. Ол дәріханада сатуы тиіс препараттарды ешқандай жазу белгісі жоқ ғимаратта рұқсатсыз сатқан.
Мамандар қоймалардан табылған дәрі-дәрмекті үш топқа бөлді:
- Қазақстан аумағында тіркелмеген және сатуға тыйым салынған дәрілер: «Конвулекс», «Энцефобол», «егуге арналған Алоэ экстракт»;
- Вирусты емдеуде аса үлкен сұраныстағы дәрілер: «ЦЕФ 3», «Цефтриаксон», «Гордокс», «Ингавирин», «Дексаметазон» және т.б.;
- Қазақстан Республикасында медициналық тіркеуде тұрған науқас жандарға тегін берілуі тиіс дәрілер: «Депакин», «Методжект» және т.б.
Үш қоймадан табылған препараттың бәрі тәркіленіп алынды. Полицейлер дәрі-дәрмек нарығында заңсыз саудаға, бағаны заңсыз өсіруге жол бермес үшін алдағы уақытта рейдтік жұмыстарды жалғастыратын болады.