Маңғыстау облысында 50 адам мінген автобус апатқа ұшырады: қаза тапқандар бар

Автор: Нұргүл Абай

Жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған

Фото: Көлік министрлігі

Маңғыстау облысында жолаушылар мінген автобус аударылып, оқиға орнында 4 адам қаза тапты. Тағы үшеуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрлігінің ақпаратынша, оқиға 16 қаңтарға қараған түні сағат 01:03-те болған. KZ-11 «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автомобиль жолының 383-ші шақырымында Yutong маркалы жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтау қаласынан Бейнеу ауылына қарай келе жатқанда жүргізуші рөлді басқара алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан оқиға орнында төрт жолаушы қаза тауып, үш адам әртүрлі дәрежедегі жарақатпен медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобуста барлығы 50 адам болған», - делінген хабарламада.

Автобус былтыр 19 желтоқсанда техникалық байқаудан өткен, «CASPIAN TRANS CORPORATION» LLC компаниясына тіркелген.

Апат болған жол учаскесі техникалық II санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жолдың ені 9 метрді құрайды, жол жамылғысында ақаулар анықталмаған. Жол белгілері бекітілген дислокацияға сәйкес толық көлемде орнатылған. Оқиға тәуліктің қараңғы уақытында болған, деп атап өтті ведомство.

«Апат кезінде көлікті 1985 жылғы жүргізуші басқарған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға болған жерден шамамен 200 шақырым бұрын рөлге екінші жүргізуші ауысқан», - деп мәлімдеді КМ.

Қазір Маңғыстау облысының полиция департаменті осы факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр.