«Ешкімді естіген жоқ»: Ақтау полициясы жасөспірімді құтқару үшін теңізге түскен (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ

Фото: скриншот

Бүгін, 12 қаңтар күні, түске таман Каспий теңізінің жағалауында оқыс оқиға болды: Ақтауда жасөспірім теңізге қарай бет алып, суға батып өлмек болған. Абырой болғанда оқиға орнына тез жеткен полиция қызметкерлері Абдурахим Сәтешов пен Азамат Қарабалаев өз өмірлерін қатерге тігіп, баланы теңізден алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, полицияны куәгерлер шақырған. Бала жан-жағындағы адамдардың айқайлаған дауысын естімей, теңізге түсе берген.

«Оқиға орнына дереу жеткен Ақтау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абдурахим Сәтешов және Азамат Қарабалаев жағдайдың аса қауіпті екенін көріп, бір сәт те кідірместен теңізге секірген. Өздерінің жеке қауіпсіздігін елемей, олар жасөспірімді жағаға алып шығып, баланың өмірін сақтап қалды», - деп жазады дереккөз.

Қазір жасөспірімнің жағдайы жақсы, тиісті мамандар онымен сөйлесіп жатыр.