«Бәрі ойдағыдай»: ҚМА іздеп жатқан Қайсар Қамза елге «жалынды сәлем» жолдады

Автор: Бақыт Шынар

Блогер қайда жүргенін жазбаған

Фото: instagram.com/qais_arr

Күні кеше Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті іздеу жариялаған блогер Қайсар Қамза осы ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазба жариялаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бәрі ойдағыдай» деген ол қамсыз қыдырып, тамақ жеп, ішімдік ішіп жүргенін көрсеткен.

Айта кетейік, кеше, 11 қаңтар күні Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған мәліметке сәйкес, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлы 2024 жылдың 10 қаңтарынан бері іздеуде жүр.

Қазіргі уақытта қылмыстық істің нақты мән-жайы мен айыптау бабы ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу органдары да қосымша ақпарат бермей отыр.

Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал блогер. Оның Instagram парақшасында 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, ал TikTok-тағы жазылушыларының саны 340 мыңнан асады. Өзін тревел-блогер ретінде таныстыратын ол көбіне шетелдерде жүріп түсірілген контент жариялап келеді. Сонымен қатар, блогер бірқатар отандық фильмдерге де түскен.

Бұған дейін блогердің Үндістанға жасаған сапары кезінде түсірілген видеолары қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кадрларда оның бейәдеп сөздер айтып, жергілікті тұрғындарға дөрекілік танытқаны байқалып, әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшыраған.

Құзырлы органдар істің егжей-тегжейін тергеу аяқталған соң ғана жария етпек.