Қырғызстанда есірткі сатқан бір топ адам ұсталды – арасында Қазақстан азаматтары да бар

Автор: Бақыт Шынар

Халықаралық қылмыстық топтың бір мүшесіне іздеу жарияланды

Фото: скриншот

Қырғызстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған ірі арнайы операция аяқталды. Қырғыз Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес қызметінің қызметкерлері құрамына Қырғызстан, Қазақстан, Ресей және Тәжікстан азаматтары кірген халықаралық қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kg сайтына сілтеме жасап.

Барлығы жеті адам қамауға алынды, тағы бір күдікті халықаралық іздеуге жарияланды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ұсталғандар Ауғанстанның есірткісін аса ірі көлемде контрабанда ретінде сатып отырған. Жүк Қырғызстан аумағы арқылы транзитпен тасымалданып, Қазақстанда да есірткінің таралу қаупін тудырған.

Тінту барысында күдіктілердің үйлерінен, автокөліктерінен және жасырын қоймаларынан жалпы салмағы 136 килограмм 855 грамм есірткі заттары табылып, тәркіленді, оның ішінде:

  • 20 килограмнан астам апиын,
  • 116 килограмнан астам гашиш.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары доллар, сом, өзбек сомы және рубль түріндегі ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны тәркіледі.

Есірткіні тасымалдау және сақтау үшін пайдаланған алты автокөлік Қырғыз үкіметінің пайдасына тәркіленді.