«Facebook-тегі жарнамаға 481 млн теңге салған»: Астанада сәбиінің атын жамылған ерлі-зайыпты 7 жылға сотталды

Автор: Бақыт Шынар

Олардың шотына қазақстандықтар 2,2 млрд теңге аударған

Фото: facebook.com/itkulovsyrym/, Azattyq Rýhy

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып, аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық жасаған ерлі-зайыпты Тотақановтардың әрқайсысын 7 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Сот анықтағандай,  2020–2024 жылдар аралығында олар  2019 жылы дүниеге келген, туғаннан кейін ауыр аурулар анықталған ұлын емдеуге қаражат жинау мақсатында жүйелі түрде ақша жинаған. Балаға бірқатар күрделі диагноздар қойылған. Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама пайдаланылған.

«Осылайша, Толқын Тотақанова мен оның анасының есепшотына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған. Жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланы емдеуге емес, жұбайлардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған», - деп жазады соттың баспасөз қызметі.

Дәлірек айтсақ, сот анықтағандай, баланы емдеуге небары 6,4 млн теңге кеткен. Қалған ақшаны ерлі-зайыпты блогерлер таргет жүргізген, қымбат мүлік алып, құмар ойын ойнаған, қарыздарын жауып, депозит жинаған. Соның ішінде:

  •        жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер;
  •        жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелері;
  •        «LEXUS RX 300» маркалы автокөлік – 28 млн теңге;
  •        «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік – 8,2 млн теңге;
  •        «Toyota Camry 75» маркалы автокөлік – 15 млн теңге;
  •        «Toyota Land Cruiser Prado 150» маркалы автокөлік (сомасы анықталмаған) сатып алған.


Бұдан өзге, бренд пен құмар ойынға -  9,7 млн теңге; «Facebook Ads» жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу – 481 млн теңге, қарыздардан төлеуге  349,5 млн теңге жұмсаған. 

«Ал, баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған. Сонымен қатар, олардың әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру (жылыстату) белгілері бар екені анықталған. Сондай-ақ депозиттен пайыз көрген», - деп жазады сот.

Прокурор ерлі-зайыптының біреуін алты жылға, екіншісін 4,8 жылға соттауды сұрап, он жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салуда талап еткен. Сот жазаны күшейтіп, олардың әрқайсысын 7 жылға соттады. Ерлі-зайыпты сондай-ақ 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналыса алмайды.

Жас баласының барын ескерген сот әйелдің жазасын 2 жылға шегерген. Сот олардың бүкіл мүлкін тәркіледі.