Қазақстандағы «пошта контрабандасы»: үш жылда 235 қылмыс тіркелген

Автор: Бақыт Шынар

Көлік прокуратурасы мен «Қазпошта» контрабандаға қарсы күш біріктірген  

Фото: © pexels.com / Norma Mortenson

Бас көлік прокуратурасы мен «Қазпошта» АҚ қылмыстың алдын алу бойынша бірлескен жобаны іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

500 мыңнан астам адам қолданатын «QazPost.kz» мобильді қосымшасында енді пошта арқылы жіберуге болмайтын заттардың тізімі көрініп тұрады. Тыйым салынған заттардың ішінде есірткі, қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер бар.

«Айта кететін жайт, соңғы үш жылда көлік нысандарында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабында (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) көзделген 235 қылмыс тіркелді», - деп хабарлайды прокуратура.