Ол тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне шағымданып, ақшасын қайтарып алды
Сауда министрлігі Тұтынушыларды қорғау комитетінің Ақмола облысындағы департаменті Бурабайдағы қонақ үйлердің бірінде 120 мың теңгеге кешкі ас ішкен әйелдің құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Бурабайдағы қонақ үйлердің бірінде Жаңа жылды қарсы алған әйел сол қонақ үйдің мейрамханасына 120 мың теңге төлеп, гала-кешкі асқа тапсырыс берген.
«Алайда, арызданған әйелдің айтуынша, гала-кешкі астың алдын ала айтылған мәзірі шын мәніндегі мәзірден мүлде бөлек болған. Оның үстіне, қонақ үйдің әкімшілері клиентке дер кезінде жауап бермеген. Бұл – екі тарап арасындағы дауды үдете түскен», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент қызметкерлері арыз түскеннен кейін қонақ үйге барып, әкімшілерімен сөйлескен. Бұндай дауларды сотқа жеткізбей шешуге болатынын айтқаннан кейін қонақ үйдің әкімшілігі әйелге 120 мың теңгесін қайтарып берген. Содан кейін әйел дәл осы кешкі асқа қатысты шағымын қайтарып алған.