Мұстафа Шоқай мен әйелінің еш жерде жарияланбаған фотосуреттері табылды

Автор: Темірхан Айжан

Құнды жәдігер музейге қойылды 

Фото: @qypshaq_qyzy_kz

Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқайдың отбасылық альбомы Астанадағы музейге табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Мұстафатанушы Гүлбаршын Зайырова мәлім етті.

«Бұл жәдігер соғыс жылдары тұтқында болып, Мұстафа Шоқайдың арқасында аман қалған, Мариям анамызды соғыстан соң паналап, рухани перзентіне айналған тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың (Ғалымжан Тілеуқабыл) қолында көп жылдар сақталған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Әлім Алмат елге келіп, Мұстафаның жазу машинкасын, «Яш Түркістан» газеті тұсында қолданған үш түрлі мөрін, үйлену портреті мен альбомды мұстафатанушы Бақыт Садықова апамызға аманаттаған. 2022 жылы осы альбом маған сеніп тапсырылды. Ал 2025 жылдың 25 желтоқсанында Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығында, Астана қаласындағы Ұлттық музейде өз орнын тапты», - деп жазды зерттеуші.

Фотоальбомдағы суреттердің көпшілігі бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген. Онда Мұстафа Шоқай мен оның жұбайы Мария Шоқайдың эмиграциядағы өмірі бейнеленген. Тарихи құнды жәдігер алдағы уақытта ғылыми зерттеулерге арқау болмақ.