Ұлытау облысында жоғалып кеткен екі зейнеткер аман-есен табылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар Жаңа жыл қарсаңында жоғалған

Фото: ТЖМ

Жаңа жыл қарсаңында Ұлытау облысында хабар-ошарсыз кеткен екі ер адам іздестіру жұмыстарының нәтижесінде табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екі азамат 31 желтоқсанда жолда адасқан

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 1957 және 1959 жылы туған екі ер адам 31 желтоқсан күні күндіз «Амантай» шаруа қожалығынан «Базыл» қыстауына трактормен жолға шыққан. Алайда жол үстінде техниканың жанармайы таусылып, олар әрі қарай жаяу жүруге мәжбүр болған.

Олар әр жаққа кетіп, нәтижесінде бағыт-бағдарын жоғалтып алған.

Іздеу жұмыстарына дрондар мен арнайы техника тартылды

Хабар түскен сәттен бастап іздеу-құтқару операциясына арнайы техника, құтқарушылардың жеке құрамы және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған. Ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді.

Екі зейнеткердің жағдайы қандай

Алғашқы жоғалған азамат 1 қаңтар күні «Жомарт» кенішінен 7 шақырым батысқа қарай аумақтан табылды. Ол денсаулығына шағымданбаған, медициналық көмек қажет болмаған.

Ал екінші ер адам 2 қаңтар күні «Жомарт» кенішінің маңында геологтарға өздігінен шыққан. Құтқарушылар оны «Базыл» қыстауына жеткізді. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.