15 адамның өлімі: Ақмола облысында қолдан ішімдік жасап сатқан үш күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Полицейлердің айтуынша, қауіпті сұйықтық базарларда, жертөлелерде жасырын сатылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында пластик бөтелкеге спирттік ішімдік құйып сатқандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тергеу барысында Ақмола облысында спирттік ішімдікті саудаға шығарған цех анықталды. Цех ішінен сатылымға шыққалы тұрған зиянды ішімдік тәркіленді. Полицейлер Арқалық қаласындағы 4 дүңгіршектен 46 литр ішімдікті тапты. Бұған қоса, жергілікті кәсіпкерден 408 бес литрлік бөтелке табылды. Алайда кәсіпкер спирттік ішімдіктің едәуір бөлігін сатып жіберген. Осы дерек бойынша пластик бөтелкеге спиртті құйып, сатқан 3 күдікті ұсталды. Айта кетейік, бұл сұйықтық адам ағзасына аса қауіпті саналады», - деп жазылған хабарламада.

Полицейлердің айтуынша, қауіпті сұйықтық базарларда, жертөлелерде жасырын сатылуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың барынша сақ болғаны жөн.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін еліміздің екі өңірінде 15 адам қолдан жасалған алкогольден уланып, қайтыс болғанын хабарлаған едік.