Ер адам моральдық шығын ретінде жәбірленушілерге 50 млн теңге төлейді
Үржар ауданында бір топ баланы басып кеткен жүргізушіге сот үкімі шықты. 55 жастағы ер адам 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тамыз айында Бестерек ауылында дүйім елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға болды. Аулада ойнап жүрген 6 баланы эпилепсиямен ауыратын егде кісі көлікпен басып кетті. Салдарынан үш бала қаза тапты, тағы бірі - 9 жастағы Айзере екі ай комада жатып көз жұмды. Қалған екі бала ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Семейде өткен сотта прокурор жүргізушіге ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігіне сай 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ зардап шеккен отбасы мүшелеріне өтемақы төлеуді талап етті.
Соттың дерегінше, айыпталушы 2013 жылдан бастап «эпилепсия» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған, соған қарамастан ара-тұра көлік жүргізген. Ол 2025 жылғы 19 тамызда көлік жүргізіп келе жатып, ұстамасы ұстап, үй қақпасының жанында жүрген кәмелетке толмаған балаларға соққан. Жүргізуші кінәсін мойындап, балалардың туыстарынан кешірім сұрады.
Сот іс қаралған соң, ер кісіні ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Сот айыпталушыдан зиян көрген тарапқа моральдық шығын ретінде 50 миллион теңге өндіртті.
Айта кетсек, бұған дейін қаза тапқан 3 қыздың анасы редакциямызға сұхбат беріп, сол күні болған оқиғаны бастан аяқ айтып берген болатын.