«Активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберді»: Назым Қахарман экс-күйеуі Бишімбаевпен тағы соттасты

Автор: Темірхан Айжан

Айтуынша, Бишімбаев алимент мөлшерін азайтқысы келген 

Фото: скрин

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман алимент төлеуге қатысты соттың қалай өткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Жоғарғы сот Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартқаннан кейін, 24 жылға сотталған бұрынғы күйеуінен талап арыз түскен.

Сот процестері барысында Бишімбаевтың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу мүмкіндігі кем дегенде 15 жыл сақталатыны дәлелденген.

«Өз активтерін жасыру үшін ол сотқа дейін активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберді. Әрине, баласына қамқор болсын, бірақ кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемеу үшін байлығын кәмелетке толған баласының атына рәсімдегені дұрыс емес деп ойлаймын», - дейді Назым Қахарман.

Айтуынша, сот, Назым Қахарманның пайдасына шешім шығарған. Алимент мөлшерін азайтуға арналған талап арыз қанағаттандырылмады, ал Куандық Бишімбаев алименттік келісімге сәйкес төлемді жалғастырады. Бишімбаев бұл шешімді аппеляцияға бермеген.

«Олар апелляцияға бермеді, өйткені ол масқара болып жеңілді. Алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ дейді, бірақ қымбат адвокаттарға ақшасы бар», - деді ол.

Еске салсақ, Назым Қахарман өткен туған күнінде бұрынғы күйеуінен «сыйлыққа» екі арыз келгенін айтқан еді. Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарманның ортақ 3 баласы бар: ұлдары Мансұр (2009), Карим (2011) және қызы Рания (2013). 2024 жылы жазда Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыруға қатысты сот процесі басталған. Бірақ сот оның құқығын сақтады, апелляциялық сот та шешімді өзгертпеді. Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған.