«Банктер онлайн несие бермейді»: Мұрат Әбенов заңдағы биылғы өзгерістер туралы айтты

Автор: Темірхан Айжан

Депутат келесі жылы тұтынушылар құқығын қорғау заңына өзгерістер енгізілетінін айтты 

Фото: @muratabenov

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов биылғы жылы депутаттар талқылаған негізгі заңдар мен қол жеткізген нәтижелер туралы айтып берді. Соның бірі-онлайн несиенің жойылуы болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың мәліметінше, банк секторы бойынша көп талқылау өткен.

«Банк мәселелері бойынша көптеген арыз-шағымдар түсті. Алайда соңында біз 28 ұсынысты енгіздік. Олардың 18-і банк заңы бойынша, 10-ы цифрлық кодекске қатысты болды. Қазір банктер онлайн несие бермейді, барлық құжаттарға міндетті түрде адам өзі барып қол қоюы қажет», - деді депутат.

Сонымен қатар, Әбенов құрылыс кодексіне қатысты өзгерістерді атап өтті.

«Құрылыс кодексінде кепілдік мерзімін 10 жылға дейін ұлғайттық, екі жыл бойы толық мемлекеттік бақылауды орнаттық және әкімдердің шешім қабылдау құқығын азайттық. Бұл заң азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Президент та кеше Астанадағы кездесуде адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларды бақылауды күшейту қажеттігін айтты», - деді депутат.

Әбенов келесі жылы тұтынушылар құқығын қорғау заңына өзгерістер енгізуге дайындық жасалып жатқанын да атап өтті.

«Авиация саласына мемлекеттік бақылауды күшейтіп, қайтарылмайтын билеттер мәселесін шешу қажет. Адам ақшасын төлеген болса, оны қайта алу мүмкіндігі болу керек, бағаларды реттеу және бақылау да маңызды», - деді депутат.