Қылмыстық істің тергеліп жатқанына бір жылдан асып кеткен
Ақтауда 13 жастағы қызды жасөспірімдер қорлаған. Оқушының білегін пышақпен тіліп, мазақ сөз жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada жазғандай, оқиға 2024 жылы болған. Қызды жасөпірімдер бітпей қалған құрылыс алаңына апарып қорлаған. Ұрып-соғып, қорқытып, камераға түсірген, канселярия пышағымен білегіне қорлық сөзді тіліп жазған. Зәбір көрген оқушы болған жағдайды жақындарына айтуға батпаған. Кейін белгілі болған соң, анасы Маңғыстау облысының прокуратурасына шағымданған.
Қазіргі уақытта зардап шеккен қыздың психологиялық жағдайы ауыр. Ол мектепке бармайды, үйден оқып жүр. Ауруханаға жатқан, дәрі-дәрмек ішеді, қатты депрессияға түскен.
Маңғыстау облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Аманқос жәбірленушінің отбасымен байланысып отырғанын жеткізді.
«Ақтау қаласында кәмелетке толмаған қыз балаға жыныстық зорлық көрсету қылмысы бойынша өңірлік өкіл ретінде оның анасымен, сондай-ақ тергеу органдарымен тұрақты байланыстамын. Күдікті тұлғаларды анықтау мақсатында тергеу бойынша қылмыстық іс аясында қажетті шаралар толықтай қабылданып жатыр.Психологиялық көмек көрсету орталығы тарапынан анасына қолдау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қыз балаға жеке психолог көмек көрсетіп жатыр», - деді ол.
Полиция аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.