Қаза тапқандар арасында бір үйдің адамдары да бар еді
Биыл 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолының Ақтөбе облысы арқылы өтетін тас жолының Белқопа ауылы маңындағы тұсында «Газель» автокөлігі мен жүк көлігі соқтығысып, 12 адам тіл тартпай кеткен еді. Осы жол апатына қатысты істің соты 29 желтоқсан күні басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мой город» сайтының жазуынша, істің материалдары сотқа 23 желтоқсан күні түскен. Қылмыстық іс «Абайсызда екі және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу» бабы бойынша қаралады. Айыпталушы – жүк көлігінің жүргізушісі де жол апатынан қаза болған еді.
Еске салайық, 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолының Белқопа ауылы маңында жүк көлігі DAF пен жолаушылар тасымалдайтын «Газель» автокөлігі соқтығысқан болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен «Газель» көлігіндегі 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапты, тағы алты адам түрлі дәрежеде жарақат алып, Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқандардың арасында әкесі мен баласы, анасы мен ұлы бар екені хабарланған болатын.