Алматы облысында электр бағанына шығып селфи жасамақ болған жасөспірім ауыр халде жатыр
Ток соққаннан кейін жасөспірім бағанадан құлаған

Алматы облысында селфи жасаймын деп электр бағанасына шыққан бала ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1 шілде күні кешкі сағат тоғыз шамасында Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылында селфи жасау үшін үйінің жанындағы электр бағанасына шыққан 2005 жылы туған жасөспірімді ток соқты. Нәтижесінде ол бағанадан жерге құлап, екі қолдың 1,2,3,4 дәрежелі электрлік күюін, жабық бас сүйек-ми жарақатын алды. Сонымен қатар мидың шайқалуы, беттің, дененің жұмсақ тіндерінің көптеген жаралары, екі білектің сүйектерінің сынуы, 1-2 дәрежелі травматикалық шок алған», - деп жазылған хабарламада.
Жасөспірім Іле ауданының ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтты. Алматы облысы ТЖД селфи түсу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескертті.
«Автомобиль және теміржол жолдарының қауіпті учаскелерінде, биік үйлердің шатырларында, салынып жатқан немесе құрылысы аяқталмаған ғимараттарда, электр бағаналарында және басқа да электр жабдықтарында, жартастар мен жартастардың шетінде және өмір мен денсаулыққа қауіпті басқа да орындарда селфи жасамаңыз. Қозғалыстағы автомобильдің және басқа көліктің терезесінен шығып, сонымен қатар қауіпті жануарлармен және аударылып кетуі мүмкін қайықтың және басқа да жүзу құралдарының шетіне тұрып селфи жасамаңыз», - дейді ТЖД өкілдері.
Олардың айтуынша, адам өзін суретке түсіруге тырысқанда, оның назары шашыраңқы болып, денесі тепе-теңдігін жоғалтады, жан-жағына қарамайды және қауіп-қатерді сезінбейді. Сондықтан қауіпсіз жерде және өмірге ешқандай қауіп жоқ екеніне көз жеткізіп барып қана селфи жасау керек.