СҚО полицейлері 20 мың доза синтетикалық есірткі тәркіледі
Өңірде жыл басынан бері синтетикалық есірткіге байланысты 36 қылмыстық іс тіркелген

Солтүстік Қазақстан полицейлері жыл басынан бері 20 мың дозадан астам синтетикалық есірткі тәркілеген. Жалпы салмағы - 1,25 келі. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды, Azattyq Rýhy тілшісі.
Жандос Басыбаевтың айтуынша, адам ағзасына жойқын залал келтіретін синтетикалық есірткілердің таралуы бүгінгі таңда үлкен алаңдатушылық туғызып отыр. Биылғы жылдың 11 қаңтарынан заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес интернет-дүкендердің басшылары және есірткіні жасырып кететіндер, жарнама таратушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Осы күнге дейін ауқымды жұмыс атқарылды. СҚО полицейлері төрт веб-дүкеннің жұмысын әшкереледі, ұйымдастырушылар мен таратушылар ұсталып, сотқа тапсырылды, сондай-ақ жедел тексеріс жүргізілуде. Заңсыз айналымнан 1 кг 253 гр. синтетикалық есірткі алынды, бұл 20 мыңнан аса доза. Тек бір жағдайдың өзінде ұсталған Интернет-дүкеннің иесі мен әкімшісінің үйін тексеру кезінде 10 мың дозадай 572,54 гр. синтетикалық препарат алынды. Бұдан бөлек, жыл басынан полицейлер ел аумағында сайттардың жұмысын бұғаттау үшін ІІМ-ге 26 сайт атауын жіберді. Жыл басынан синтетикалық есірткіге байланысты 36 қылмыстық іс тіркелді», - дейді ол.
Жалпы облыста қаңтар айынан есірткі заттарының айналымы саласында 103 құқық бұзушылық тіркелген. Олардың ішінде сату фактілері – 27, контрабанда - 6, аса ірі мөлшерде сақтау – 8 және бір жарнама фактісі. Заңсыз айналымнан 175 кг аса түрлі есірткі алынған. Оның басым бөлігі марихуана. Салмағы 126 келіден асады. Сондай-ақ, 348 гр аса героин тәркіленген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО