«Жұлдызға айналған шегіртке мен 18 жас 96 күніндегі Қалмұрза»: биыл шетелдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды

Автор: Темірхан Айжан

2025 жылғы есте қаларлық оқиғалар шетелдік БАҚ-та кеңінен танылды 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

2025 жылы Қазақстанның спорт, мәдениет, саясат және халықаралық қатынастар саласында бірқатар елеулі оқиғалар болды. Халықаралық ақпарат құралдары еліміздің спорттық жетістіктерін, мәдени шараларын, дипломатиялық бастамаларын кеңінен жариялады. Алматылық «Қайрат» пен испандық «Реал Мадрид» арасындағы тарихи матч, Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті және Маңғыстаудың ерекше табиғи ландшафтылары шетелдік БАҚ-та кеңінен талқыланды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қазақстан футболындағы тарихи матч

Ұзақ уақыт бойы ел аузынан түспей, көп талқыланған басты спорт жаңалықтарының бірі – алматылық «Қайрат» пен әйгілі испаниялық «Реал Мадрид» футбол клубының тарихи ойыны болды.

«Қазақстандықтар тек теледидардан естіп келген UEFA Чемпиондар лигасының гимні бұған дейін Алматының Орталық стадионында шырқалған емес. Сол түні қала жұртының жүрегі бірге соқты. Студенттер жатақханадағы экранға телмірді, үйлену тойлары бір сәтке дамыл алды, көліктердің сигналы естілді, терезелерден жалаулар желбіреді», - деп сипаттады матч барысындағы көңіл-күйді CNN агенттігі.

Агенттік мәлім еткендей, «Реал Мадрид» 30 қыркүйекте «Қайратпен» кездесу үшін 6437 шақырым жолды ұшып өтті. Бұл Нью-Йорктен Лос-Анджелеске дейінгі қашықтықтан 1,5 есе көп. Қазақстан мен Алматының тарихын шолып өткен шетелдік ақпарат құралдары Реалдың әккі ойыншыларына қарсы тұрып, «Қайраттың» қақпасын қорғаған 18 жастағы Шерхан Қалмұрзаның есімін де ерекше атады. The Associated Press агенттігі оның «Спортингке» қарсы ойындағы шеберлігі туралы жазды.

«18 жас 96 күнінде Қалмұрза Чемпиондар лигасына қатысқан үшінші ең жас қақпашы, ал пенальти қайтарған екінші ең жас ойыншы атанды. Бұған дейін бұл көрсеткіш тек «Бенфика» қақпашысы Майл Свиларға тиесілі болған. Лиссабондағы «Спортингке» қарсы өткен ойында Қалмұрза 21-минутта пенальтиді қайтарып, бірнеше нәтижелі сейв жасады. Алайда матч «Қайраттың» 4:1 есебімен жеңілуімен аяқталды», - делінген мақалада.

Болаттай берік Темірлан

«Қайратты» Чемпиондар лигасына шығарған Темірлан Анарбеков туралы да шетелдік БАҚ жарыса жазды. Белгиялық спорт сарапшылары оны «Болаттай берік Темірлан» деп атап «әлемдегі ең үздік қақпашыға» теңеді.

«Сол күні Чемпиондар Лигасының плей-офф ойынында Алматының «Қайраты» екі матчта да 0:0 есебімен «Селтикті» жеңді. Ерекше атап өту керек, Анарбеков 5 мәрте сейв жасап, кейінгі пенальти сериясында 3 соққыны тоқтатып, команданы жалғыз өзі дерлік келесі кезеңге алып шыққан еді. Сондықтан Бельгияға қарсы ойындағы оның 8 сейві кездейсоқтық емес. Темірлан Анарбеков – жас, талантты, нағыз мықты қақпашы. 22 жаста Ғалымжан Кенжебек пен 17 жастағы талантты ойыншы Дастан Сәтпаев Белгияға қарсы ойында өздерін дәлелдеді. Қазақстанда футбол бар. Географиялық, мәдени, тағы басқа да себептермен әлемге танылуы қиын болса да, бұл елдің футболы құрметке лайық», - деп жазды басылым.

Жұлдызға айналған шегіртке

Биыл тамызда әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертінде күтпеген оқиға болды, әншінің мойнына шегіртке өрмелеп шықты.

«56 жастағы Лопес сахнада ән айтып тұрған кезде, оның көйлегіне қонған жәндік мойнына дейін өрмелеп шықты. Әнші еш саспастан шегірткені қағып жіберіп, «мені қытықтап жатыр» деп көрерменге күлімсіреді», - деп жазды New York Post.

Оқиғаның видеосы Дженнифер Лопестің ресми фан-аккаунты Instagram желісіне жариялады, әншінің өзі жазбаға лүпіл басқан.

Қазақстандағы екі концертінен соң Дженнифер Лопес өзінің әлеуметтік желі парақшасына елімізден алған сый-сыяпатының суреттерін жариялады. Ол дизайнер Әсел Сабыржанқызының қолынан шыққан кілемге салынған портретін көрсетіп, өзіне ұнағанын айтты. Кейін «Ain’t Your Mama» хитін қазақ тілінде орындаған болатын әнші Мөлдір Байбуринованың каверін де оқырмандарына көрсеткен еді.

Бағзы заманда теңіз табаны болған ғажайып мекен

BBC «The Alien Lands Once Hidden Beneath the Ocean» атты Маңғыстаудағы ерекше ландшафтылар туралы бейнесюжетін жариялады. 27 жастағы жергілікті гид Гаухар Есіркепова медиа командаға қазақтың «бөгде әлемге ұқсас» даласын көрсеткен.

«Ол бізді Боқты тауының қат-қабат беткейлеріне апарады. Содан кейін біз түрлі-түсті Қызылкүп шатқалымен жүреміз. Бұл шатқал ерекше өрнектері үшін «тирамису» деп аталып кеткен. Сондай-ақ таңғажайып Ыбықты сай мен қамал тәрізді Бозжыра шатқалын тамашалаймыз. Бұл ландшафттардың геологиялық тарихы миллиондаған жылдарға созылады. Олар бағзы замандарда Тетис мұхитының табаны болған», - деп сипаттайды ВВС Маңғыстау мекенін.

Бейнежобада Маңғыстаудың ерекше табиғаты, мәдени және экотуризмдік мүмкіндіктері көрсетілген.

Сонымен бірге, Instagram ресми парақшасы қазақстандық трэвел-блогер Дастан Мұхамедрахимның видеосын парақшасына жүктеді. Қазақстанның әсем табиғатын түсіріп, әлемге танытып жүрген отандасымыздың бейнежазбасы бүгінде 112 млн қаралым жинаған, оған 236 мың пікір жазылған.