Табыс туралы декларация міндетті болмай ма - қаржы вице‑министрі жауап берді

Автор: Темірхан Айжан

Оның айтуынша, салық декларациясын алдын ала толтыру мәселесі қарастырылған 

Фото: Freepik

Қазақстанның Қаржы вице‑министрі Ержан Біржанов табыс туралы декларацияны тапсыру міндетін алып тастау жайлы ақпаратқа байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бұл ешқандай жаңа бастама емес, салық процесін цифрландыру және автоматтандыруға байланысты әлемдік үрдіс болып саналады.

Біржанов Салық кодексіне сәйкес салық декларациясын алдын ала толтыру элементтері қарастырылғанын айтты.

«2026 жылдан бастап алдын ала толтырылған форма шағын бизнеске қолданылады»,- деді вице‑министр үкімет отырысында.

Ол ірі бизнеске «Горизонтальды мониторинг» жүйесі іске қосылғанын атап өтті. Бұл жүйеде компаниялар ішкі есептер мен барлық құжаттаманы салық органдарына толық ұсынады.

«Егер біз компанияның барлық есеп-қисабын, ішкі құжаттарын, қаржылық операцияларын толық көре алсақ, кейін декларация тапсыру қажет болмайды. Қазір біз бұл жобаны басқа салық төлеушілерге тарату үшін бірнеше бизнес‑қауымдастықпен жұмыс істеп жатырмыз», - деді Біржанов.

Вице-министр атағандай, цифрлық платформалар, онлайн ақпарат алмасу және салықтық жүйелерді біріктіру арқылы декларация тапсыру қажеттілігі біртіндеп азаяды.