Қырғызстан «Реал Мадрид» пен «Барселонаның» экс-ойыншысын бас бапкер етіп алды

Автор: Темірхан Айжан

Роберт Просинечки Түркияның «Кайсериспор» және «Денизлиспор», Словенияның «Олимпия» клубтарында бас бапкер болған 

Фото: ҚФО баспасөз қызметі

Хорватиялық Роберт Просинечки Қырғызстан ұлттық футбол құрамасының жаңа бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Sport.akipress-ке сілтеме жасап.

Просинечки ойыншы ретінде Югославия құрамасында 15 матч өткізіп, 4 гол соққан. Сондай-ақ Хорватия құрамасында 49 ойын өткізіп, 10 гол салған.

Клубтық деңгейде 56 жастағы Просинечки Сербияның «Црвена Звезда» клубында (117 ойын, 24 гол), Испанияның «Реал Мадрид» (55-10), «Реал Овьедо» (30-5), «Барселона» (19-2), «Севилья» (20-4), Бельгияның «Стандард» (20-4) және Англияның «Портсмут» (33-9) клубтарында ойнаған.

2004 жылы ойыншы карьерасын Загреб клубында аяқтап, жаттықтырушы қызметін «Динамо» клубында бастаған. Просинечки Сербияның «Црвена Звезда» клубында, Түркияның «Кайсериспор» және «Денизлиспор» клубтарында, Словенияның «Олимпия» және Хорватияның «Рудеше» клубтарында бас бапкер болып жұмыс істеген.

Сонымен қатар ол Хорватия ұлттық құрамасының бас бапкерінің ассистенті, сондай-ақ Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Черногория ұлттық құрамаларының бас бапкері болған.

Айта кетейік, Қырғызстан ұлттық құрамасы 2027 жылғы қаңтарда Сауд Арабиясында өтетін Азия кубогының финалдық кезеңіне жолдама алған.