Түркістан облысында алаяқ әйел тұрғындарды қаржы пирамидасына үгіттеп, 3,5 млн теңгесін алып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған әйел бұған дейін де сотталған

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында алаяқ әйел оннан астам тұрғынды алдап, 3,5 миллион теңгені қалтасына басқан, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аудандық полиция басқармасына жергілікті 11 тұрғыннан арыз түскен. Олардың сөзінше, бейтаныс әйел сенімге кіріп, қаржы пирамидасы арқылы қосымша табыс табуға үгіттеп сендірген.

Полицейлер шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірді. Ол бұған дейін де осындай қылмысы үшін сотталған екен. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған адамның барлығы 11 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қолхатпен босатылды», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.