Бубон обасының тарауына байланысты Моңғолияда карантин енгізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Тиісті ем шараларын қабылдамаса, адам аталған індеттен 24 сағат ішінде қайтыс болады

Фото: ашық дереккөзден

Бубон обасының тарауына байланысты Моңғолияда карантин енгізілді. Індет елдің батысында орналасқан Ховд провинциясынан шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдегі жұқпалы инфекцияларды зерттейтін Ұлттық орталық карантиннің белгілі бір уақытқа ғана жарияланғанын мәлімдеді.

«27 жастағы Ховд тұрғыны Цэцэг жексенбі күні суыр етін жегеннен кейін ауруханаға жатқызылды. Тест нәтижелері оның бубон обасын жұқтырғанын көрсетті. Лаборатория сынамаларының қорытынды нәтижелері сейсенбі жарияланды. Осыған орай, аталған аймақта инфекцияның таралмауы үшін карантин жарияланды», - делінген ресми хабарламада.

Оба жұқтырған бойжеткен 60 адаммен тікелей қатынаста, 400-ге жуық адаммен жанама қатынаста болған болуы мүмкін, деді елдің Ұлттық зоонозды жұқпалы аурулар орталығы.

Айта кететіні, өткен жылдың сәуір айының соңында Баян-Өлгей аймағында суыр етін жеген ерлі-зайыптылар бубон обасынан көз жұмған болатын. ДДСҰ мәліметінше, тиісті ем шараларын қабылдамаса, адам аталған індеттен 24 сағат ішінде көз жұмады.