Сотталушы өз әрекетін түсіндірді
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған үш жасар қыздың қазасына байланысты сот отырысында өлім күнгі бейнежазбалар көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленуші тараптың адвокатының сөзінше, анестезиолог жедел жәрдем шақырудың орнына көмекке таныс дәрігерді шақырған. Алайда айыпталушы мұны жедел жәрдемнің тиісті көмек көрсете алмауымен түсіндірді.
«Иә, мен әріптесімді шақырдым. Біз кардиохирургиялық орталықта бірге жұмыс істедік. Қазір ол да сол жерде жұмыс істейді. Оны көмектесу үшін шақырдым. Өйткені реаниматолог жалғыз өзі толық көмек көрсете алмайды, міндетті түрде қасында маман болуы керек. Шұғыл жағдайда кез келген тиісті білімі бар маман көмек көрсете алады. Бір өзіме қиын болатынын түсіндім, сол үшін оны шақырдым», – деді айыпталуыш Жұмағалиева.
Соттың «Неге бірден жедел жәрдемге хабар бермедіңіз?» деген сұрағына ол:
«Жедел жәрдем құрамында дәрігер мен фельдшер болады, бірақ дәрігер реаниматолог емес. Жедел жәрдемнің міндеті – пациентті реанимация бөліміне жеткізу. Ал сол кезде дәл реанимациялық көмек керек болды. Мен – реаниматологпын, әріптесім де – реаниматолог. Біз бірден кәсіби жоғары деңгейдегі реанимацияны бастадық. Реанимация базалық және кеңейтілген болып бөлінеді, біз кеңейтілген көмекті көрсеттік», – деп жауап берді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты реанимация кезінде анестезиологтың дефибрилляторды қолданбағанына назар аударды. Жұмағалиева жүрек тоқтағаннан кейін дефибриллятор күйік қалдыруы мүмкін екенін айтты.
Судья: «Баланың жаны шығып бара жатқанын түсіндіңіз бе?» – деп нақтылады. Жұмағалиева: «Иә, жүрек тоқтап қалды. Биологиялық өлім тіркелмегенімен, толық кардиостоп болды», – деп жауап берді.
Судья анестезиологтың жүрек тоқтағаннан кейін тек төрт минут өткен соң ғана жедел жәрдем шақырғанын атап өтті.
Еске салайық, елордалық әке стоматологияға кішкентай қызының тісін емдетуге апарып, өлі денесін алып шыққан. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы анестезиямен баланың 18 тісін емдемек болған. Марқұм қыздың әкесі мен отбасының адвокаты «медициналық стандарттар сақталса мұндай трагедия болмас еді» дейді.
Прокурор Еркебұлан Шалқаровтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру кезінде клиникада анестезияға дайындау, кабинеттерді жабдықтау және медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Шұғыл көмекке арналған қажетті құралдардың жеткіліксіз болған.