Зайсанда 7,5 млн теңгеге белгітас орнатқан шеберлер желідегі даудан кейін қолақыларын әрең алған

Автор: Темірхан Айжан

Шығынды тапсырыс берген адам емес, әкім өндіріп берген 

Фото: скрин

Зайсан ауданы Шілікті ауылында Ұлы Сақ патшасына арналған белгітас орнатқан шеберлер қоғамдық резонанстан кейін еңбекақыларын алды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy. 

Бұған дейін MeirTas компаниясының өкілі, шебер Олжас Ахметов 7,5 млн теңге тұратын белгітастың ақысын ала алмай жүргенін айтқан еді. Ол ескерткішке тапсырыс берген Айдын Егеубаевтың еңбекақысын бермегенін айтып, тасты бұзып алып кететінін мәлімдеген еді. Белгілі болғандай, сол резонансты бейнежазбадан кейін Зайсан ауданының әкімі шеберлерге ақшаны тауып берген.

«Шілікті ауылдық округінде 1000 нан астам обалар бар, ол жерден  «Алтын адам» табылғаны бәріне мәлім. Шілікті ауылының тумасы, «Қас Сақ» қорының ұйымдастырушысы, өз жерінің жанашыры ретінде  Айдын Егеубаев Шілікті өңіріне «Алтын адамның» белгітасын орнатуға атсалысқаны туралы ақпаратымыз бар. Ол ешқандай ескерткіш емес, мүсін де емес.  Ауыл халқы өз еркімен осы шараға атсалысып,  спонсорлық көмек көрсеткен. Белгітастың  барлық ақшасы төленген, қарызы жоқ.  Белгітас өз орнында тұр», - деп жауап берді Зайсан аудандық мәдениет үйінің директоры М. Тұрғанбаев.

Еске салайық, 19 қыркүйекте Шілікті ауылында Қазақстан Ғылым академиясы мен «Қас-Сақ» қорының ұйымдастыруымен Ұлы Сақ патшасына арналған белгітас салтанатты түрде ашылған.