Ұлттық банк төрағасы теңгенің нығаю себебін түсіндірді
Қазақстанның ұлттық валютасы долларға сұраныстың төмендеуіне, ұсыныстың артуына және базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты нығайып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Ұлттық банк те, басқа мемлекеттік органдар да теңгенің айырбас бағамын реттемейтінін тағы бір мәрте атап өтті.
«Бізде бағам сұраныс пен ұсыныстың нарықтық факторларының әсерінен қалыптасады», – деді Сүлейменов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, соңғы күндері доллар бағамының төмендеуіне валютаға деген сұраныстың азаюы және нарықтағы доллар ұсынысының артуы әсер еткен.
«Осыған байланысты соңғы кезеңдегі теңгенің нығаюы, шартты түрде айтқанда соңғы аптадағы жағдай, доллар сұранысының азаюы және оның ұсынысының көбеюімен байланысты», – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов сондай-ақ қазанда көтерілген базалық мөлшерлеменің ықпалын да атап өтті.
«Базалық мөлшерлеменің көтерілуі нені білдіреді? Бұл теңгемен номинацияланған қаржы құралдарын халықаралық инвестициялық қауымдастық үшін тартымдырақ етеді. Мәселен, Қаржы министрлігінің облигациясын 16% кірістілікпен сатып алу бір бөлек, ал 17,5% болғанда мүлде басқа жағдай. Мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігінің артуы халықаралық капиталды тартады, ал ол елге доллар түрінде кіреді. Инвестор Қаржы министрлігінің облигациясын сатып алу үшін теңгемен төлеуі керек, бірақ ақшасын доллармен әкеледі. Осылайша ол нарықтағы доллар ұсынысын арттырады, бұл өз кезегінде оның құнын төмендетеді», – деді ол.