Оңтайландыруға ұсынылатын мемлекеттік компаниялардың жаңа тізімі жасалды
«Қазақтелеком» АҚ мен «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Үкімет квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жұмысын жалғастырады.
«2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий қолданылады. Биыл Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аяқталуда. Одан әрі оңтайландыруға ұсынылатын мемлекеттік объектілердің жаңа тізбесі қалыптастырылды. Оған баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания кірді. Оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылады», - деді Жұманғарин Үкімет отырысында Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бағдарламасы туралы баяндап.
Бұдан басқа, «Казақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр.
Жұманғарин бағдарлама халықтың нақты табысын көтеруге бағытталғанын атап өтті.