Енді дәрінің бағасына маркетинг пен көлік шығындары қосылмайды
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын есептеу жүйесін жаңартып жатыр. Биыл қазан айында халық арасында сұранысқа ие препараттардың бағасы орташа 11%-ға төмендеген. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, енді дәрілердің бағасына маркетинг пен көлік шығындары қосылмайды. Генерик дәрілердің (түпнұсқаның көшірмесі) шекті бағасы түпнұсқа дәрілердің бағасынан 30%-ға арзандатылды. Ал бағаларды салыстыру үшін іріктелетін «референттік елдер» тізімі жаңартылған. Осылайша 100-ден астам елдің бағалары бар халықаралық дерекқорға қол жеткізген.
«Жаңа баға қалыптастыру механизмі негізінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен МӘМС аясында дәрі-дәрмектің 2 900 сауда атауы, бөлшек және көтерме сауда үшін 4 900 атауы бойынша бағалар қайта қаралды. 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор өткізген сатып алулар нәтижесінде 70,5 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаражат қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталды. Осы жылдың қазан айында бөлшек сауда желісін мониторингтеу нәтижесінде халық арасында сұранысқа ие препараттардың бағасы орта есеппен 11%-ға төмендеді», - деді Мұратов Үкімет отырысында.
Әсіресе ең көп төмендеу (20%-дан астам) жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттар (Валмак-Н), антибиотиктер (Цефяпс, Зитмак, Левофлоксацин-Тева) және қабынуға қарсы препараттар (Ревмоксикам) бойынша байқалған.
Вице-министрдің айтуынша, «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп Naqty Onim (Нақты Өнім) мобильді қосымшасы арқылы дәрілердің шекті бөлшек бағасын көрсететін функционал енгізілді.
«Енді дәрі-дәрмекті сату ережелері бұзылған жағдайда осы мобильді қосымша арқылы министрлікке шағым түсіре алады», - деді Мұратов.