Төрт гектар жер телімі бөлініп қойған
Астанада геологиялық зерттеулер жүргізуге арналған заманауи зертхана кешені салынады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертхана кешін құрылып, ғылыми-технологиялық орталық ретінде қызмет атқарады. Жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керноқойма ғимараттары да қарастырылған. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Шархан Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына Астанадан 4 гектар жер учаскесі бөлінген. Жоба құны – он төрт миллиард теңге.
Зертхана кешенін 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр.