Пилоттық жоба келесі жылы Астана мен Алматы мектептерінде басталады
Қазақстанда жүзу сабағын мектеп бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, былтыр әлемде 236 мыңнан астам адам суға батып кеткен, олардың 82 мыңы – 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар.
«Бұл цифрлар халыққа жүзудің қарапайым дағдыларын үйретудің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жүзу сабағын дене шынықтыру жүйесіне енгізуді көздейтін бағдарлама енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жоба аясында жүзу сабағы мектеп бағдарламасындағы дене тәрбиесінің бір бөлігіне айналады. Жоба 2026 жылы Алматы және Астана қалаларында пилоттық режимде іске қосылады, кейін кезең-кезеңімен бүкіл елде енгізу жоспарда бар», - деді Баландин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бастама АҚШ, Австралия, Венгрия елдерінің тәжірибесіне негізделген. Осы мемлекеттерде балаларды жүзуге міндетті түрде үйрету жүйесі көп жылдан бері сәтті іске асып келеді.