Инвесторлар футбол академиясын да салуға уәде еткен
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория елімізде қай футбол клубтары жекеменшікке өтетінін және инвесторлар отандық футболға қанша инвестиция құйғалы жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, биыл 30 қазанда «Қайсар» футбол клубы ресми түрде жекеменшікке өтіп, «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың басқаруына берілген. Қала әкімдігі футбол академиясын салу үшін жер учаскесін бөлді. Жалпы инвестиция көлемі – 12 млрд теңге.
«Қызыл-Жар СК» футбол клубына қатысты меншік құқығын беру процесі аяқталуға жақын, оны 2025 жылғы 15 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Инвестор клубты, инфрақұрылымды және жас ойыншыларды даярлауға жыл сайын кемінде 1 млрд теңге салуға міндеттелді. «Жеңіс» клубы бойынша елорда әкімдігі заманауи футбол академиясы салынатын жер телімін анықтады. Сонымен қатар инвестор үлесін беру жөніндегі заңдық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Бұл процесті 2025 жылғы 7 қарашаға дейін аяқтап, құқықтарды жаңа заңды тұлғаға беру жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 16 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат футбол академиясын құруға және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталады», - деді Лория Үкімет отырысында.
Ал «Шахтер» клубы бойынша мүлікті толық бағалау жүргізілген.
«2025 жылғы қарашада Қарағанды облыстық мәслихатында клубты жекешелендіру мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау өтеді. Оның қорытындысы бойынша клубты сату жөнінде аукцион өткізіледі. Жалпы инвестиция көлемі – 18 млрд теңге, оның 12 млрд теңгесі футбол академиясын салуға, 6 млрд теңгесі өңірде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жұмсалады», - деді ол.
Жалпы 45 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Лория «Елімай» футбол клубын «коммерциялық емес акционерлік қоғам» меншік формасына ауыстыру жөніндегі пилоттық жобаға тоқталды.
«Елімай» – осындай корпоративтік басқару моделін іске асырған еліміздегі алғашқы клуб. Бұл тәжірибе «Реал Мадрид», «Барселона», «Байер» секілді жетекші еуропалық клубтардың үлгісі бойынша жүзеге асты. Әлемдік тәжірибеде өзін тиімді көрсеткен бұл модель жүйелі серіктестерді тартуға мүмкіндік беріп, мемлекет, клуб, бизнес және қоғамның ынтымақтастығын қамтамасыз етеді. Клуб 100 млн теңге сомасына акциялар шығарып, бүгінде «Елімайдың» акционерлері арасында танымал қоғам қайраткерлері мен белгілі спортшылар бар», - деді федерацияның бас хатшысы.