Қолданыстағы жеті стадионға жөндеу жұмыстары қажет
Қазақстанда он төрт жаңа стадион салынады, қазір соның оны бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр облыс орталықтарында демеушілердің ақшасына жаңа футбол стадиондарын салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Оны аяқтау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. 14 жаңа стадион салу қажет. Олардың 10-ы бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 7 стадионды қайта жаңарту қажет», - деді Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Айтуынша, Қарағанды мен Орал қалаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атырау және Ақтау қалаларында жобалау құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Өскемендегі стадион жобасы сараптамадан өтуде. Алматы және Жезқазған қалаларында 2 стадион бойынша жобалау құжаттарын әзірлеу қажет.
«Елде 7 432 футбол алаңы бар, оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді.Қосымша қажеттілік – 1 694 алаң. Осыған байланысты министрлік балалар футбол алаңдарын салу жоспарын бекітті. Жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асуда», - деді ведомство басшысы.
«Қазір 13 өңірде спорттағы дарынды балаларға арналған 14 облыстық мектеп-интернат жұмыс істейді. Тұжырымдамаға сәйкес қалған жеті өңірде осындай интернаттар ашу көзделген», - деді Мырзабосынов.
Атырау облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы спорт интернатының құрылысы бойынша конкурстың бірінші кезеңі өткен. Шартқа 2025 жылғы желтоқсанда қол қою жоспарланған.
Министр өңірлерге осы тәжірибе негізінде спорт мектеп-интернат-колледждерін ашу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қарастыруды ұсынды.