Қазақстанның астығын қай елдер сатып алып жүр

Автор: Нұргүл Абай

Биылғы астықтан 2,2 млн тонна астық экспортталып үлгерген

Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанның астығы қай елдерге экспортталып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр биыл жиналған астық ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге ғана емес, экспортқа да жететінін атап өтті.

«Өткен маусымда астық экспорты 47%-ға артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті. Экспорт көлемін тұрақты ұстау мақсатында бағдарламаның мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды», - деді Сапаров Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, биыл қазақстандық астық мына елдерге жеткізілген:

  • Бельгия (10,6 мың тонна),
  • Португалия (14,2 мың тн),
  • Польша (4,9 мың тн),
  • Норвегия (13,6 мың тн),
  • Ұлыбритания (3 мың тн),
  • Вьетнам (17,7 мың тн),
  • Біріккен Араб Әмірліктері (1,6 мың тн),
  • Солтүстік Африка елдері (Марокко (162 мың тн), Алжир (181 мың тн), Египет (11,6 мың тн).

Сондай-ақ Иран (738,3 мың тн), Әзербайжан (542,5 мың тн), Армения (1 мың тн) және Грузия (76,3 мың тн) бағыттарына да экспорт қайта жанданған.

«Бүгінгі күннің өзінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп», - деп атап өтті Сапаров.

Бұған қоса астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Осы жобалардың нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылмақ.