Көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау 1 қазанда басталған
Фермерлерді ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, биыл ерте жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жеткен.
«Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінен бастап шаруаларға револьверлік кредит беру ашылады, бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді», - деді Сапаров Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техника жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетіп, екі жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80%-дан 70%-ға дейін төмендеген.
«Негізгі астық өндіруші өңірлерде жүргізілген талдау агротехнологияларды сақтау мен өнімділік арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті. Мысалы, барлық шаруашылықтың шамамен 60%-ы гектарынан 15–30 центнер өнім алса, ал 8%-ы 30 центнерден аса өнім жинады. Осылайша, республика бойынша орташа өнімділік гектарынан 17 центнер деңгейінде қалыптасып, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары болды», - дейді ведомство басшысы.
Алайда шаруашылықтардың шамамен 12 пайызында өнімділік әлі де төмен деңгейде (7–8 ц/га) қалып отыр. Сапаров осы шаруашылықтар агротехнологияны жоғары деңгейде қолдануы қажет екеніне назар аударды.
Осыған байланысты әкімдіктер 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімін екі еселеу жөніндегі Жол картасының көрсеткіштеріне жету мақсатында фермерлерді технологияны сақтауға ынталандыру жұмыстарын күшейтуі тиіс, деп атап өтті министр.