Қазақстан Үкіметінде ЖИ-министр пайда бола ма

Автор: Нұргүл Абай

Жасанды интеллектіні министр қызметіне тағайындауға қолданыстағы заң кедергі дейді шенеунік

Фото: pixabay

Қазақстанда жасанды интеллектіні үкіметтегі қандай да бір лауазымға тағайындау әзірге жоспарда жоқ. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама ЖИ-ді министрлер кабинетінің мүшесі етуге мүмкіндік бермейді.

«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан әлемде бірінші болып жасанды интеллект министрлігін құрды. Бірақ жасанды интеллектіні министр немесе вице-министр етіп тағайындауға заңнамамыз әзірге  мүмкіндік бермейді», - деді Мұсалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр заң бойынша елімізде жеке тұлға ғана мемлекеттік қызметкер бола алатынын атап өтті.

«Сол себепті әзірге мұндай жоспар жоқ», - деп қысқа қайырды ол.

Жуырда Албанияда әлемдегі алғашқы ЖИ-министр тағайындалғаны туралы ақпарат тараған болатын.