Қазақстандықтар ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде Wi-Fi арқылы қоңырау шала алады

Автор: Нұргүл Абай

Жаңа технология сынақтан сәтті өткен

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Келесі жылдан бастап қазақстандықтар ұялы байланыс сигналы нашар орындарда кез келген Wi-Fi желісіне қосылып, қоңырау шала алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда 2026 жылы кез келген қолжетімді Wi-Fi желісі арқылы қоңырау шалуға және қабылдауға мүмкіндік беретін VoWiFi технологиясы жаппай іске қосылады деп күтілуде. Мұндай инновациялық шешім интернеті нашар жерлердің проблемасын, яғни тұрғын үйлер мен кеңсе ғимараттарының ішінде ұялы байланыс сигналы әлсіз аймақтарды жоюға мүмкіндік береді.

«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Біз қызметкерлеріміздің арасында оны пилоттық режимде сынақтан өткіздік. Келесі жылы бұл технология жаппай қолжетімді болады», — деп мәлімдеді «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин Үкімет отырысында.

Өкінішке қарай, халықтың 99%-ы 4G байланысымен қамтылғанына қарамастан ұялы байланыс ұстамайтын жерлер әлі де бар. Негізгі себеп  – қаладағы қарқынды құрылыс жұмыстары, өйткені, жаңа ғимараттар сигналдарды жауып тастайды, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған базалық стансаларды алып тастауға тура келетін жағдайлар да жиі кездеседі, деп атап өтті ұялы байланыс операторларының өкілдері.