Сиыр етінің қымбаттағанына байланысты тұтынушылар құс етіне ауысуы мүмкін
Қазақстанда құс еті айтарлықтай қымбаттамайды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осындай болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер елімізде сиыр етінің қымбаттап кеткенін алға тартып, қазақстандықтар салыстырмалы түрде бағасы төмен құс етіне жаппай ауысса, бұл бағаға қалай әсер ететінін сұрады.
«Құс етіне қатысты айтар болсам, бізде тауар-субститут деген ұғым бар. Яғни бір өнім қымбаттағанда, тұтынушы басқа өнімге ауысады. Соңғы аптада баға индексі 0,1%-ға өсті, жалпы қыркүйек айының басынан бері де 0,1% болды. Қыркүйек үшін бұл әжептәуір жақсы көрсеткіш, сондықтан құс еті бойынша баға қатты құбылады деп күтпейміз. Жалпы тамыз айынан бері құс етінің бағасы 1 пайызға көтерілді, сол себепті айтарлықтай қымбаттау болмайды деп болжап отырмыз», - деп жауап берді Шаққалиев.