Президент жаңа министрлік құру туралы тапсырмасын кешегі Жолдауында жария еткен
Президент ұсынған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізінде құрылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ЦДИАӨМ негізінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Ал инновациялық саясат жөніндегі функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі. Жарлықтың жобасы әзірленді, мемлекеттік органдардың келісуінде жатыр», - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар министр Цифрлық кодекске де тоқталды. Айтуынша, қазір құжат Мәжілісте қаралып жатыр.
«Оны пысықтау Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізілуде. Кодекс жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub сайтында жарияланады. Құжат Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданады», - деді ведомство басшысы.
Естеріңізге салайық, 8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынған.