Абай облысында жылу маусымы кеш басталуы мүмкін: Үкімет басшысы Берік Уәлиден себебін сұрады

Автор: Нұргүл Абай

Облыстағы қазандықтарды жөндеуге үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінген

Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысының екі ірі қаласында жылу қазандықтары кеш іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал өңір әкімі Берік Уәли жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр деп сендірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов өзінің тапсырмасымен өткен аптада арнайы жұмыс топтары жылу беру маусымына дайындық барысына ревизия жүргізгенін айтты. Бірақ өңірлердің қысқа дайындық жұмыстарына белсенділігі төмен болған.

«Абай облысында жөндеу жұмыстарының кеш басталуына байланысты Семей және Аягөз қалаларының қазандықтарының іске қосылуы кешігуі мүмкін», - деген ол облыс әкімінен мұның себебін сұрады.

Берік Уәлидің айтуынша, конкурстық рәсімдер кеш өткізілген. Бірақ соған қарамастан жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр.

«Облыс орталығы Семей қаласын бірінші жылу электр орталығы мен 19 қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Қазір 19 қазандықтың 13-і жылу беру маусымына толығымен дайын, қалған 6 қазандықта, олар резервтік, жөндеу жұмыстары 25 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады.  Ал Аягөз қаласын жылумен 7 қазандық қамтамасыз етеді. Қазір 6 қазандық жылыту маусымына дайын. «Орталық» қазандықтағы жөндеу жұмыстары екі ауысымда жүргізіліп жатыр. 4,4 Гкал жылыту қазандарын 10 Гкал қазандарға ауыстырып, нәтижесінде қазандықтың қуаттылығы 9,5 Гкалдан 30 Гкалға дейін артады және қосымша 400-дей абонент орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Бірінші жылыту қазанын 20 қыркүйекке дейін, ал екінші резервтік қазанды 15 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Берік Уәли Үкімет отырысында.

Аймақ басшысы қазандықтарды жөндеуге Үкімет резервінен 3 млрд 8 млн теңге бөлінгенін, сооның ішінде облыс орталығына 2,3 млрд теңге, Аягөз қаласына 1,4 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар облыстық бюджеттен қосымша 2 млрд 600 млн теңге бөлінген.

«Абай облысы бойынша жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстап отырмыз», - деп сендірді Берік Уәли.

Айта кетері, Абай облысында орталықтандырылған жылумен 3 қала және 5 аудан қамтамасыз етілген.