Ұлттық қордың таза валюталық активтері алдағы үш жылда өседі
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қашан тоқтайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің болжамы таныстырылды.
Жұманғариннің айтуынша, республикалық бюджеттің кірістері болжам бойынша 2026 жылы 19,2 трлн теңге, 2027 жылы – 21,2 трлн теңге, 2028 жылы 23,2 трлн теңгені құрайды.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды. Бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-ге қатысты 0,9%-ға дейін төмендей отырып, 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалды. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан ЖІӨ-ге қатысты 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы – 29,8 трлн теңгені құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді Жұманғарин.
Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр.