Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасын не күтіп тұр – Үкімет өз болжамын ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Жалпы ішкі өнім өсіп, инфляция төмендейді деп болжанып отыр

Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде жасалған.

«Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі болжам бойынша 5,4%, 3 жылдағы орташа жылдық өсім 5,3%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0 пайыздан аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% сатысында», - деді ол Үкімет отырысында.

Экономика өсімі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсіммен қамтамасыз етілмек. Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды деп болжануда.

Тау-кен өнеркәсібінде үш жылдағы орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыста – 11,0%, көлік қызметтерінде – 10,1% және саудада – 6,7% болады.

Сонымен қатар оң сауда балансы сақталады. Экспорт болжам бойынша 2026 жылы 77,1 млрд долларынан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін, ал импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі.