Еліміз қанша локомотив пен жүк вагондарын сатып алады
Оларды 2029 жылға дейін сатып алу жоспарланып отыр

Қазақстан 456 локомотив пен 7 мыңнан астам жүк вагоны сатып алады. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, локомотивтер паркі 1 мың 967 бірлікті құрайды.
«Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспарланып отыр. Локомотивтерді қазақстандық «Электровоз құрастыру зауыты», «Локомотив құрастыру зауыты» және Қытайдың CRRC компаниясы жеткізеді. АҚШ-тың Wabtec компаниясының анализі бойынша, Қазақстанда қазір жүрген локомотивтер – заманауи және тиімді, олар болашақ тасымал талаптарына толық сәйкес келеді», - деді Сауранбаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар жүк операторлары 2029 жылға дейін жаңа вагондар сатып алуды көздеп отыр.
«Қазақстанда 300-ден астам оператор жұмыс жасайды. Олардың қол астында 142 мың жүк вагоны бар. Бұл қазіргі жүк тасымалының қажеттілігін толық қамтиды. «Қазақстан темір жолы» үлесі – 41 пайыз және бұл вагондар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жұмыс істейді. 2029 жылға дейін операторлар тарапынан 7 мыңнан астам жаңа вагон сатып алынады. Бұл жүк тасымалының өсіп келе жатқан әлеуетін сақтап, дамытуға мүмкіндік береді», - деді министр.