Соңғы үш айда Үкімет резервінен 64,1 млрд теңге жұмсалып кеткен

Қордан Денсаулық сақтау министрлігіне – 23,5 млрд теңге бөлінген

Соңғы үш айда Үкімет резервінен 64,1 млрд теңге жұмсалып кеткен

Үкіметтің қорында жұмсалмаған 198 млрд теңге бар, деп хабарлайды «Atameken business» арнасы. Жыл басында, яғни 1-қаңтарда қорда 76,7 млрд теңге болған. Бірақ соңғы төтенше жағдайларға байланысты 8-сәуірде 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет қайта бекітілгенде Үкімет резерві 185,4 млрд теңгеге ұлғайтылған. Нәтижесінде, қордағы қаражат 262,1 млрд теңгені құрады.

Қазір соның 64,1 млрд теңгесі жұмсалған. Ол сома төменде көрсетілген мақсаттарға жұмсалған:

  • 41,4 млрд теңге пандемиямен күреске;
  • 10 млрд теңге Мақаралдағы апатты жоюға;
  • 12,7 млрд теңге оқушыларды қашықтықтан оқыту т.б. сияқты шығындарға;

«Соның ішінде: Денсаулық сақтау министрлігіне – 23,5 млрд; Ұлттық экономика министрлігіне – 14,7 млрд; Білім және ғылым министрлігіне – 848,2 млн; Қорғаныс министрлігіне – 1,9 млрд; Сыртқы істер министрлігіне – 45,4 млн; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне – 9,3 млрд теңге бөлінді. Ал Мақтараладағы апатқа байланысты төтенше жағдайды жоюға 10 млрд теңге жұмсалды. 1-маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының резерві 198 070 362 900 теңгені құрайды», – деді Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Үкімет резерві – бұл Қазақстан мен өзге де мемлекеттің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға, шұғыл шығындарға және сот шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға жұлсалатын, әрі сақтық шарасы мақсатында тұратын ақшалай қор. 2019 жылы ондағы қаржы – 206,5 млрд теңгені құраған. Ал 2020 жылғы резерв одан 55,6 млрд теңгеге жоғары.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.