Ветеринариялық станциялардың меншікті ғимараты жоқ
Қазақстанда ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы тозған әрі жетіспейді, ветеринарлардың жалақысы төмен, импорт-экспорт операцияларын сүйемелдеу жүйесі толық цифрландырылмаған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ауылдық аудандардағы 206 ветеринариялық станцияның 72-сінің меншікті ғимараты жоқ. Мысалы, Абай облысында 10 аудан орталығының тек үшеуінде ғана меншікті ғимарат бар. Осындай жағдай Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында да байқалады.
«Одан да өзекті мәселе – ветеринариялық пунктердің жағдайы. Ветпунктерде барлық ветеринариялық-алдын алу шарасы өткізіледі, олар малды өңдеуге арналған қоршаулармен және жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Алайда еліміздегі 2 285 ветпункттің 1 628-і немесе 71%-ы қажетті ғимаратпен қамтамасыз етілмеген», - дейді Сапаров Үкімет отырысында.
Ветеринариялық объектілерді жаңғырту және салу көрсеткіштері президенттің тапсырмасын іске асыру жөніндегі жол картасына енген. Былтыр жол картасына сәйкес 107 ветеринариялық пункт салынды, ал 2025 жылы тағы 323 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Осы орайда министр Жетісу, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының оң тәжірибесін атап өтті. Бұл өңірлерде 137 ветеринариялық пункт бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен пайдалануға берілген. Ал Абай, Павлодар және Түркістан облыстарында бұл бағытта соңғы екі жылда жұмыс жүргізілмеген.
2024 жылы өңір әкімдіктері 327 бірлік арнайы техника сатып алды, биыл 346 бірлік техника сатып алынып жатыр. Павлодар, Абай және Ұлытау облыстары бұл мақсатқа қаржы бөлмеген.
«Министрлік ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жұмыстар жүргізуде. 2024 жылы 9 бірлік сұйықтық хроматографы сатып алынды. Аталған жабдық бақылауға жататын заттар санын 5-тен 70-ке дейін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Зертханалық базаны одан әрі нығайту үшін 54 бірлік зертханалық жабдық сатып алу қажет», - деді ведомство басшысы.
Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы келісім аясында 1,5 млн долларға 99 бірлік жабдық жеткізілген. Лаборатория отандық өндірушілерге өнімді Қытайға кедергісіз экспорттауға мүмкіндік береді.