Қазақстан алдағы екі жылда су есептеу жүйелерін толық цифрландырады

Автор: Нұргүл Абай

Қазір Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр

Фото: istockphoto.com

Алдағы екі жыл ішінде еліміздегі су есептеу жүйелері толық цифрландырылады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, министрлік цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі және кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

«Біріншіден, 2025 жылдың басында министрлік Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады. Бұл платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерден біріктіреді: бұл - спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар, гидропостар, жедел есептілік және салалық статистика», - деді Нұржігітов Үкімет отырысында.

Екіншіден, министрдің айтуынша, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 3,5 мың шақырымнан асатын каналдарды кезең-кезеңімен автоматтандыру басталды. Дәлірек айтқанда биыл Қызылорда облысында 58 гидропост автоматты су есептеу құралдарымен жабдықталады.

Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

«2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар (гидрозатвор) енгізу жоспарланып отыр. Цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басымдық отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Осы іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәлімет ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді», - деді Нұржігітов.

Бұдан бөлек жүйенің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі үшін былтыр Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылған. Орталықтың негізгі міндеттері – су қорына қатысты деректерді жинау, жүйелеу және талдау, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және дамыту.