Атырау, Ақтау, Тараз әуежайларының да коды өзгеруі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Атырау әуежайының үш әріптік коды –  GUW, Ақтау әуежайы –  SCO, Тараз әуежайы – DMB

фото: biletnasamolet.kz

Бүгін ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының үш әріптік коды NQZ болып өзгерді. Енді осы үлгімен Қазақстанның басқа қалаларындағы әуежайлардың да коды өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтты.

«Еліміздегі басты әуежайлардың кодын өзгертуге тырысамыз. Кеңес Үкіметі кезінде берілген ескі кодпен келе жатқан Атырау, Тараз, Ақтау қалалары бойынша IATA ұйымымен жұмысты жалғастырамыз. Ондай жоспар бар», - деді Талғат Ластаев.

Айта кетсек, қазір Атырау әуежайының үш әріптік коды – GUW (Гурьев), Ақтау әуежайы –  SCO (Шевченко), Тараз әуежайы – DMB (Джамбул).

Ластаевтың айтуынша, IATA позициясы бойынша әуежайға код бір рет берілгеннен кейін, қайта өзгермеуі тиіс. Алайда, Қазақстан тарапы IATA ұйымын код бойынша ережесін толық өзгертуге көндірген. Сондықтан енді басқаларға да өзгеріс жасауға жеңіл тиеді.

«Енді кодты белгілі бір шарттар бойынша өзгертуге болады. Тасымалдаушылар қарсы болмаса, мемлекет өтініш жасаса, IATA мақұлдайды. Былайша айтқанда, біз осындай мәселесі бар басқа да елдерге жол ашып бердік», - деді комитет басшысы.

Ал Нұр-Сұлтан әуежайының үш әріптік кодын өзгертуге ақша шығындалмаған.

«Негізгі шығын – уақыт. 2014 жылдан бастап қанша жыл IATA-мен жұмыс істедік, келіссөздер өткіздік. Тікелей еш шығын болған жоқ», - деп сендірді Ластаев.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан